Нұр-Сұлтанда сайлау туралы пікірталас өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Bolashaq» қауымдастығының ұйымдастыруымен 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы пікірталас өтті.
Шара барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев кезектен тыс президенттік сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары болады деген пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«19 мамырдағы билік транзиті болған сәттен бастап жастардың саяси өмірге деген қызығушылығы күрт артқан сияқты. Дегенмен бұл бірден іс-әрекетке айналады дегенді білдірмейді. Себебі қызығушылық, шешім қабылдау және іс-әрекет арасында белгілі бір уақыт аралығы бар. Меніңше, сайлау белсенділігі барынша жоғары болады. Біз сауалнама жүргізген едік. Оған сәйкес жастарға қарағанда аға буын сайлауға белсенді түрде қатысуды жоспарлап отыр», - деді ол «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған еліміздегі сайлауға қатысты пікірталас алаңында.
Оның пайымынша, электоральді кезең тыныш өтіп жатыр.
«Бұған қоса, қызығушылық та арта түсуде. Меніңше, қоғам әлі де болса бұл сайлаудың ерекшелігін, яғни Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтетіндігін сезіне қойған жоқ. Бұған қоса бізде жетілуіміз керек. Өйткені, белгілі бір деңгейде саяси процестердің консервациясы орын алды және белсенділік пен жандану да белгілі бір эволюцияны талап етеді», - деді саясаттанушы.
Осы ретте орталық директоры бұл жолғы сайлаудың ерекшелігіне тоқталды.
«Ең алдымен бюллетенде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоқ. Бұған дейін адамдар екпінді дауыс беруге дағдыланған. Себебі Назарбаевты өте жақсы, ал қалған кандидаттарды онша біле бермейтін», - деді Талғат Қалиев.