Нұр-Сұлтанда шекарашыларға ескерткіш орнатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда Шекара қызметінің 30 жылдығы құрметіне шекарашыларға арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ескерткіш ашу бастамасын «Застава тарландары» ардагерлер бірлестігі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі көтерген. Салтанатты шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары генерал-майор Айдар Аймурзин, қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ардагерлері келді.

«Бұл – кез келген уақытта бас қоса алатын өте маңызды орын. Ескерткіш орнатуда үнемі қаржылық шығындар және учаскені бөлу мәселесі болады. Мұнда Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен ардагерлер өз мүмкіндіктеріне қарай қаражат жинады. Содан кейін Алматы ауданының әкімінен жер телімін сұрадық. Нәтижесінде Б. Момышұлы, Абылай хан, Мұстафин көшелерінің қиылысынан жер телімін бөлді. Оның да символдық мәні бар», - деді «Застава тарландары» республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрсын Уажанов.

Өз сөзінде Т. Уажанов барлық шекарашыларды Шекара қызметінің 30 жылдығымен құттықтады.

«Бұл үлкен мереке. Осы 30 жылда Шекара қызметі қарыштап дамыды. Қазіргі уақытта Шекара қызметі посткеңестік аумақтағы лайықты қызметтердің бірі, көрші мемлекеттер мен алыс шетелдердің барлық шекара қызметтерімен тең жағдайда ынтымақтасады. Шекара қызметі үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Оларға денсаулық, ашық аспан тілеймін, шекарашылар отанымыздың сенімді қорғаушысы болып, аға ұрпақтың дәстүрін жалғастырып, жаңа жетістіктерге жете берсін», - дейді Тұрсын Уажанов.

Айта кетейік, 18 тамыз – ел тыныштығы үшін күндіз түні күзетте тұрған шекарашылардың кәсіби мерекесі. Оның үстіне биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр.



Соңғы жаңалықтар