Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте карантин режимін бұзудың 60 жағдайы тіркелді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте карантин режимін бұзудың 60 жағдайы тіркелді. Бұл туралы рейд барысында Нұр-Сұлтан қалалық полиция бөліміне қарасты Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Мадияр Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәртіп сақшылары, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері карантиндік режимнің бұзылу жағдайларын анықтау мақсатында рейд жүргізуді жалғастыруда. Өткен тәулік ішінде Нұр-Сұлтанда мобильді топтар карантин режимін бұзудың 60 жағдайын анықтады. Олардың 42-сі маска кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтаудың міндетті талаптарын бұзу, сондай-ақ 18-і тыйым салынған уақытта жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің ереже бұзуы», - деді Мадияр Айтуғанов.

Қалалық полиция департаменті іс-материалдары Нұр-Сұлтан қаласындағы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және бақылау департаментіне тапсырылғанын хабарлады.
Жалпы елордада мониторинг бойынша 16 мобильді топ бар. Олар ойын-сауық мекемелері, тамақтану орындары, монша, аттракциондарды аралап, олардың иелеріне қазіргі карантиндік шаралар туралы ескертеді.
«Мысалы сағат 23:40-та Сәтбаев көшесінде 12 адам отырған компьютерлік клуб анықталды. Тәуелсіздік көшесінде тағы бір компьютерлік клубтың жұмысын тоқтаттық. Ол компьютерлік клубта 5 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған бір бала болды. Денсаулық сақтау органы клуб әкімшісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Түнгі уақытта ойын-сауық мекемесіне заңды өкілсіз барғаны үшін кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты да әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар қазіргі шектеулерге қарамастан, Тархан көшесіндегі кафе түнде келушілерді қабылдай берген. Карантин кезеңінде, осы жылдың 5 шілдесінен бастап аталған мекеменің иесі карантин режимін 7 рет бұзды. Соған қарамастан өз қызметін жалғастыра берген. Меншік иесін әкімшілік жауапқа тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің мамандары тартты «, - деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, 18 шілдеде сағат 20:30-да полиция қызметкерлері массаж салонындағы ереже бұзушылықты анықтады. Айша бибі көшесіндегі коттеджде орналасқан бұл ұйым тыйым салынғанына қарамастан жұмыс істеген. Онда 14 адам болды. Салонға қатысты материалдар Нұр-Сұлтан қаласындағы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліміне жіберілген.