Нұр-Сұлтанда ТМД елдерінің бас прокурорлары жиын өткізуде
«ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып, қазақ жерінде жылы шыраймен қарсы алғаны үшін және кеңестің барлық мүшелерінің жеке кездесуіне мүмкіндік бергені үшін ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Пандемияның шиеленіскен жағдайында көптен күткен бұл кездесу ҚР Бас прокуратурасы мен Үйлестіру кеңесі хатшылығының ұжымдарының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды. Бұл біздің ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталғанымыздың дәлелі», - деді Ресей Федерациясының Бас прокуроры Игорь Краснов отырысты аша отырып.
Өз кезегінде ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов осы бағыттағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Елдеріміздегі коронавирус жағдайының тұрақтануы іс-шараны дәстүрлі форматта өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Мен баршаңызды есен-сау көргеніме қуаныштымын. Отырыс жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бас прокуратураларының делегациялары қатысуда», - деп атап өтті ҚР Бас Прокуроры.
Сондай-ақ, ол биыл ТМД-ға мүше мемлекеттердің көбі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатқанын еске салды.
«Биыл арамызда көптеген елдер Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Осы жылдар ішінде біз заңдылықты нығайту және қылмысқа қарсы күрес ісінде маңызды бағыттар бойынша байланысымызды ыдыратпай, жемісті ынтымақтастық орнаттық», - деп түйіндеді Ғизат Нұрдәулетов.