Нұр-Сұлтанда түн жарымында қыдырып жүрген 36 бала анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жасөспірімдер ісі жөніндегі қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында үнемі рейд өткізіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда түн жарымында қыдырып жүрген 36 бала анықталды

Демалыс күндері түнде кәмелетке толмаған 36 баланың үйінен тыс жерде және ойын-сауық мекемелерінде жүргені анықталған. Барлық факт бойынша полиция айыппұл түрінде хаттама толтырды.

Өткен сенбіде сағат 22:45-те Сейфуллин көшесінде орналасқан «Р4» компьютерлік клубында «Сарыарқа» полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары үш баланың ойын ойнап отырғанын анықтады.

Карантин шараларына қарамастан, үш дос түнге дейін компьютер ойындарын ойнап, уақыт өткізгісі келген болуы керек. Баласы үшін ата-анасы аудандық полиция бөліміне баруға мәжбүр болды.

Осындай фактілердің алдын алу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін тиісті хаттама толтырылды.

Кәмелетке толмаған балаларға қызмет көрсеткені үшін ата-аналарымен қатар сол қызмет орналасқан нысанның иесі де жазаланады.