Нұр-Сұлтанда Түркістан облысының азық-түлік жәрмеңкесі өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысынан Нұр-Сұлтан қаласына ауылшаруашылық өнімдері тиелген 34 жүк көлігі жол тартты. Жәрмеңке 5 және 6 қыркүйек күндері өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, өңір әкімдігінің мұрындық болуымен өткізілетін жәрмеңкеге 447,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілді.


Атап айтқанда, азық-түлік тиелген 34 жүк көлігінде 267,7 тонна көкөніс, бақша, картоп, 29,5 тонна жеміс-жидектер, 72 тонна ет және ет өнімдері, 47,5 тонна сүт өнімдері, 10 тонна балық, 6 тонна әсел, 14,5 тонна жеміс шырыны мен консерві өнімдері бар. Бұл тауарлар елордалықтарға нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағада сатылатын болады. Мәселен, негізгі өнімдер ретінде сиыр етінің келісі 1700-1800 теңге, қауын-қарбыз 75-100 теңге, көкөніс өнімдерінің бағасы 100-150 теңге болып бекітілген.


«Биылғы жылы агроқұрылымдарға барынша мемлекеттік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, нарықтағымен салыстырғанда 20 теңгеге арзандатылған бағамен көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37,0 мың тонна, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанармай бөлінді.


Облыстың табиғи климаттық ерекшелігіне орай, ерте пісетін бақша, көкөніс, картоп өнімдерін жинау қарқынды түрде жүргізілуде. Алдын ала жасалынған есеп бойынша биыл 2,8 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнге 2,4 млн тонна жиналды.
Айта кетейік, осы азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу және шаруаларға қолдау көрсету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Егіс алаңынан – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасы басталды. Жобаны жүзеге асыру үшін Үкімет резервінен 1 млрд теңге қаржы бөлінді», - делінген ақпаратта.Елордада ауылшаруашылық жәрмеңкесі «Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында өтеді.
Соңғы жаңалықтар