Нұр-Сұлтанда жалған көлік нөмірімен жүрген адам ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мемлекеттік жалған нөмірмен жүрген Toyota көлігінің жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда жалған көлік нөмірімен жүрген адам ұсталды

«Кешкі сағат 20.00 шамасында Тәуелсіздік көшесінде полиция қызметкерлері жүргізушіні маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін тоқтатып, сол арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 595-бабының талаптарын бұзғанын анықтады», - деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз хабарламасында жазылғандай, құжаттарды тексеру барысында қызметкерлер жүргізушінің көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін қойғанын анықтап,

ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы, 4-бөлігі бойынша біле тұра жалған немесе жалған нөмірлік белгілері бар автокөлікті басқарғаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

«Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Көлік коммуналдық тұраққа орнатылды. Жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады», - делінген хабарламада.