Нұр-Сұлтанда жаңа оқу жылында «кезекші сыныптар» қалай оқытылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылында «кезекші сыныптар» қалай жасақталып, оқытылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда жаңа оқу жылында «кезекші сыныптар» қалай оқытылады

«1 қыркүйекте жаңа оқу жылы елордалық мектеп (1-11 сыныптар) пен колледждің бәрінде сабақ қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл ретте қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарлануда. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетейін: Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, «кезекші сыныптар» ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15-тен аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады. Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтықтан жүргізіледі», - деді деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда бұл ретте барлық санитарлық талаптарды сақтау – басты міндеттердің бірі. Санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептер дезинфекциялау құралдарымен, сенсор термометр, қорғаныс құралымен қамтамасыз етіледі.

Ал дәстүрлі форматтағы оқу жағдайында, яғни кезекші сыныптардың жұмысы үшін алгоритм келесідей болады:

- ата - аналар балаларды «кезекші сыныптарға» әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді.

- мектептің кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді;

- мектепке кірер кезде баланың температурасын өлшеу;

- қолды антисектикпен өңдеу және масканың болуы міндеттеледі;

- барлық қабаттарда және әрбір «кезекші сыныпта» санитайзер орнату;

- сыныпты желдету, кварцтау және жуу кестесі;

- қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында оқшаулау бөлмесін ашу.