Нұр-Сұлтанда жарылыстан зардап шеккен 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр
«Газ баллондарының жарылуынан жарақат алған 23 адам №1 және №2 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен тағы 11 адам жеңіл жарақат алған. Олар амбулаторлы емдеуге жіберілді» деді басқарманың баспасөз қызметінен.
Пациенттердің көбі түрлі дәрежедегі термиялық күйікпен жеткізілген. Кейбірі орта дәрежеде газбен уланған.
Бір пациент жамбас сүйегінің жабық сынығымен травматология бөлімшесінде жатыр. Қалғандары - №1 қалалық аурухананың комбустиология бөлімшесінде.
«Денсаулық жағдайы орташа, асқыну байқалмайды. 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр» делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, бір адам қаза тапты.
Елорда ауруханаларында 23 адам ем алып жатқаны хабарланған болатын.
Осы оқиғадан кейін қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетілетінін айтқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов төтенше жағдайлар және полиция департаменттеріне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырған болатын.