Нұр-Сұлтанда жемқорлық қылмыстары қай салада жиі тіркеледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Нұр-Сұлтан қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула жемқорлық фактілері қай салада жиі тіркеліп жатқанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтанда жемқорлық қылмыстары қай салада жиі тіркеледі

«Тәжірибеге сүйенсек, біз әлі де болса кейбір мемлекеттік органдардың қызметінен жағымсыз тенденциялардың ажырамағанын көріп отырмыз. Жыл басынан бері біздің департаментте 95 қылмыс тіркелді. Оның үшеуі аса ауыр, 48-і ауыр қылмыс санатына жатады. Жалпы 95 қылмыстың 65-і жемқорлық сипатта болған. Оның негізгі бөлігі парақорлық фактілері бойынша тіркелген – 53 факті. Қаражат жымқыру бойынша 17 қылмыс есепке алынды», - деді ол Astana Adaldyq Alańy жобалық кеңсесінде өткен онлайн брифингіде.

Оның айтуына қарағанда, жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың ішінде республикалық деңгейдегі 3 шенеунік болған.

«Бұл санды салаларға жіктесек, ең көп қылмыс құқық қорғау блогына тиесілі. Бұл салада 28 факті анықталды. Денсаулық сақтау саласында – 10, құрылыс саласында – 6, энергетика саласында - 8, білім беруде – 3 қылмыс тіркелді. Салық және мәдениет саласында да осындай тенденция байқалып отыр.

Жалпы қылмыстық жауапқа 47 тұлға тартылды. Оның ішінде республикалық маңыздағы 3, қала деңгейіндегі 2 лауазымды тұлға бар. Қала деңгейіндегі 30 адамға бас бостандығынан айыру, айыппұл сияқты түрлі жазалар тағайындалды. Оның арасында 20 адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталды», - деді департамент басшысы.