Нұр-Сұлтанда жол-көлік оқиғалары 47 пайызға көбейді – департамент
«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша жол-көлік апаттары 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,9%-ға, жарақат алғандар 34,6%-ға, ал қаза болғандар 5,6%-ға өскені байқалады. Алайда, 2020 жылғы пандемия мен ТЖ режимінде көлік қозғалысын шектеу мен халықтың өзін-өзі оқшаулау аясында апаттың да аз болғанын ескеріп, 2018-2019 жылдардағы ұқсас кезеңімен салыстырғанда жол апаттары мен онда зардап шеккендердің төмендеп келе жатқаны байқалады», - деді Елжан Шөпеков ПД брифингінде.
Оның айтуынша, 100 мың тұрғынға шаққандағы қаза тапқандар саны бойынша апаттың жалпы коэффициенті 1,7-ні құрайды.
«Талдауға сәйкес, жүргізушілер кінәсінен 76 оқиға, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізу кесірінен 12 жол апаты болған. Көлік санаттары бойынша жеңіл көлікпен – 236 оқиға, жүк көлігімен – 11, автобустардың – 6 оқиғасы тіркелген. ЖКО себептері бойынша: маневр жасау ережелерін бұзу – 50, қиылыстан өту ережелерін бұзу – 49, қашықтық пен қаптал аралығын бұзу – 47, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өту – 39 және реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі бойынша – 27 оқиға орын алған», - дейді спикер.
Жаяу жүргіншілер кінәсінен 87 оқиға тіркелген, оның ішінде 76 адам жаяу жүргіншінің белгіленбеген жерден өтсе, 8 адам бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жолға шыққан. Тиісінше жол апаттарының 24%-ы жаяу жүргіншілердің үлесіне тиесілі. Велосипедшілер кінәсінен 6 жол-көлік апаты болған.