Нұр-Сұлтанда жолаушылар автобусы жеңіл көлікпен соқтығысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін сағат 11:45-те «Iveco Crossway» маркалы маршруттық автобусының 51 жастағы жүргізушісі А. Ахметова көшесімен Петров көшесіне қарай жүріп келе жатып, рульге ие бола алмай қалып, қарсы бағытта келе жатқан «Hyundai Accent» маркалы көлікпен соқтығысты.
Жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шеккен жоқ.
«Автобус жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Материал сотқа жолданатын болады», - делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті жүргізушілерді ауа райына байланысты жолда абай болуға, ара қашықтықты сақтауға және жол ережесін бұзбауға шақырады.