Нұр-Сұлтанға халықаралық рейспен келген тағы 101 жолаушы карантинге жатқызылды
Астанаға ұшып келген жолаушылардың 101-де ПТР-анықтамасы болмаған, кейбірінде анықтамасының уақыты өтіп кеткен. Олар карантиндік стационарға жатқызылды. ПТР-тесттен өткеннен кейін олар үйлеріне қайтарылады. Коронавирус жұқтырғаны белгілі болған жағдайда инфекциялық стационарға жатқызылады.
Еске сала кетсек, 6 қазан күні сағат 00.00 кезінде ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттері арқылы коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу шараларын күшейту туралы қаулысы шыққан еді.
Жаңа ережелерге сәйкес мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:
Қазақстанға шетелден әуе рейсі арқылы келген азаматтардың бәрі де термометриядан, анкеталаудан өтіп, ПТР әдісі арқылы COVID-19 бойынша тесттен өткені туралы анықтама (72 сағатқа жарамды) көрсетуі тиіс;
Қазақстан азаматы саналмайтындар адамдар қолында анықтама болмаған жағдайда елге кіргізілмейді.
Дене температурасы шекті нормада болған және анықтама көрсеткен азаматқа COVID-19 белгілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті қолхат берілгеннен кейін олар баратын жеріне жіберіледі.
Дене қызуы бар адамдар қолында анықтама бар-жоғына қарамастан екі аптаға карантиндік стационарда оқшауланады. Ол жерде аталмыш азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді.
COVID-19 бойынша тесттен өткеннен кейін коронавирус жұқтырғаны белгілі болған азаматтар инфекциялық стационарға ауыстырылады. Ал жұқтырмағаны анықталған азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, тиісті қолхат беріледі.
Ұшып келген ҚР азаматтары анықтама болмаған жағдайда екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Ол жерде аталмыш азамат COVID-19 бойынша тексеруден өтеді.
COVID-19 бойынша тесттен өткеннен кейін коронавирус жұқтырғаны анықталмаған азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, тиісті қолхат беріледі.
COVID-19 жұқтырып келгені белгілі болған азаматтар инфекциялық стационардың карантиндік оқшаулағышына жатқызылады.