«Нұр Жолы» өткізу бекетіндегі шу неден шықты?
Кеше «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Тимур Жәркенов мәлімдеме жасап, бірнеше күннен бері Қазақстан — Қытай шекарасында ондаған жүк көліктерінің қаңталырып тұрғанын айтқан болатын. Мәселеге орай Kazinform тілшісі Жетісу облысы, Панфилов ауданының әкімдігі мен Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласты.
Мәлім болғандай, қазір Жетісу облысының Панфилов ауданы аумағында орналасқан «Нұр Жолы» өткізу бекетінде жүк көліктерінің кептелісі жоқ.
— Шекара ашық, өткізу пункттерінің жұмысы қалыпты режимде. Кейбір талаптар бойынша шектеу енгізілген тауар түрлерін тексеру үшін қосымша уақыт бөлініп, кәсіпкерлерге ескертілетін жағдайлар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Мемлекеттік кіріс комитеті түсінік береді. Ол ауданның құзіретіне кірмейді. Көмек сұраған көлік жүргізушілеріне ыстық тамақ, жатын орын ұйымдастырып беруге аудан билігі дайын, - дейді Панфилов ауданының әкімдігінің ресми өкілі Нұрбол Қанағат.
Ал Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан ресми мәлімдемеде қазіргі сәтте «Нұр Жолы» кеден бекетінде автокөліктердің кезек күтіп тұрмағаны айтылған. Өткен мереке күндерінде, яғни, 15-18 желтоқсан аралығында, шекара уақытша жабылған болатын. Кәсіпкерлермен арадағы дау осыдан кейін басталған болуы мүмкін екен.
— Қазіргі сәтте өткізу пункттері тәулік бойына жұмыс істеуге көшірілді. Бұл Жаңа жыл алдында тауар тасымалын арттыру үшін жасалды. Алдағы күндері де шекара уақытша жабылатынын кәсіпкерлер назарына жеткізіп, түсіністік танытуларын сұраймыз, - делінген еліміздің Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, кеше «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Тимур Жәркенов мәлімдеме жасап, Қытаймен арадағы шекара бекетінде 17 жүк көлігі өте алмай тұрғанына он бір күн болғанын айтқан болатын. Спикер өз сөзінде мұндай оқиғалардың жиі қайталанатынын, Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлері тарапынан жүргізілетін тексерулердің ұзақ жасалатынын және бұл кәсіпкерлердің зиян шегуіне әкелетінін де тілге тиек етті.