«Нұр жолы» пункті маңында 1500 жүк көлігі жиналды — комитет жағдайды түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті «Нұр жолы» өткізу пункті алдында шамамен 1500 жүк көлігі уақытша жиналғаны туралы хабарлады.

«Нұр жолы» өткізу пункті
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 22 қазанда Үрімжі қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекара маңы кеден органдары басшыларының кездесуі барысында қытай тарапы тәулігіне кемінде 800 автокөлік құралын қабылдауға, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен тәулігіне 1000-ге дейін ұлғайтуға келісімін білдірді. Осы келісімдерге сәйкес тасымалдау үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Электрондық кезек жүйесіндегі (ЭКЖ) лимиттер ұлғайтылған болатын.

— Алайда, 2025 жылғы 8–12 қараша аралығында қытай тарапы нақты қабылдаған автокөліктер саны тәулігіне орта есеппен 700–750-ді құраған, бұл қазақстандық тараптағы автокөлік құралдарының уақытша жиналуына негізгі себеп болды. Сонымен қатар, «Қалжат» — «Дулаты» (ҚХР) іргелес өткізу пунктінде шамамен бір апта бойы инспекциялық-тексеру кешенінің монтаждау жұмыстары жүргізілді. Аталған кезеңде бұл бағыттың өткізу қабілеті шектеулі болып, көліктер ағынының бір бөлігі «Нұр жолы» пунктіне қайта бағытталды. Бұл инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсірді. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 13 қарашадан бастап ЭКЖ автокөлік жіберу лимиті тәулігіне 650 көлемінде оңтайландырылатын болады. Бұл ағынды біркелкі бөлуге және өткізу операцияларының тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жағдай Мемлекеттік кірістер комитетінің тұрақты бақылауында, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

Мемлекеттік кірістер комитеті атап өткендей, Қытай тарапының өткізу қабілетін арттыру бойынша келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр, өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Осыдан бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Қытай шекарасында қаңтарылып тұрған қазақстандық вагондар туралы түсініктеме берді.

Соңғы жаңалықтар