Нұра ауданының әкімі мал ауруына байланысты түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Нұра ауданының екі елді мекенде ірі қара мал ауруы анықталған. Мыңбаев атындағы ауылда 21 ірі қара төлдерімен қоса қырылған. Алдын ала болжам бойынша олардың барлығы пастереллез жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
None
None

Бұл оқиға туралы Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов түсінік берді.

«Мыңбаев атындағы ауылда 1 маусымда бір бұзау ауырған. Сол күні жануар арам өлді. Болған оқиға жайлы бірден облыс орталығына хабарлама жіберілді. 2 маусымда оқиға орнына ветеринарлық инспекция мен ветеринария басқармасының басшылары бастаған арнайы мамандар келді. Сонымен қатар ауылға малды бақылауға жергілікті ветеринариялық қызмет жұмыскерлері жіберілген. Қан анализдері зертханаға зерттеуге жіберілді. Сараптама қорытындыларын күтпестен мамандар антибиотиктермен емдеуді ұйғарған. Сонымен бірге малды дезинфекциялық заттармен және ветеринариялық дәрілермен өңдеді», - дейді аудан басшысы. 
Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда ауданның екі елді мекенінде ауру белгілері 52 сиырда байқалған. «Мыңбаев атындағы ауылда 21 ірі қара қырылды, оның ішінде бұзаулар да бар. Ал көрші Заречное ауылында ауру белгілері тіркелген, бірақ мал өлмеген», - дейді Ниқанбай Омарханов. 

Аудан әкімінің айтуынша, жедел жұмыстардың арқасында індет ошағы шоғырланып, аурудың тарап кетуін болдырмас үшін шаралар қолданған. 
«Бір сәтте жұмыстарымыз жұмылдырылды. Жағдай бақылауда, - деді аудан басшысы. - Мен өзім сол ауылдарда болып, барлық аулалар мен қораларды аралап шығып, мал иелерімен әңгімелесіп шықтым. Олардың уәждерін тыңдап, сабырға келтірдім. Оларды да түсінуге болады - отбасын сол малмен асырап отыр». 
Қырылған малдардың иелері өтемақы алатын болады деді ол. «Алдымен індетті тоқтатуымыз керек. Сонан соң шығынды есептейміз. Бірде бір адам өтемақысыз қалмайды. Адамдардың тілегін ескереміз. Кейбірі ақшалай алғысы келеді, кейбірі мал аламыз дейді. Қазіргі таңда алдымызда екі негізгі міндет тұр - дұрыс диагноз қойып, індетті тоқтату және ауру көзін анықтау», - дейді Ниқанбай Омарханов.
Мамандардың айтуынша, дерт көзі әртүрлі болуы мүмкін - су, уланған шөп, ауа арқылы тараған.
Ауылдарда қазір 16 ветинспекторлар жұмыс істеп жатыр. Қырылған малдарды арнайы мал қорымына тасуда. Мал қырылған Мыңбаев атындағы ауылдың кіреберісінде дезинфекциялық бөгеулер тұр. Көліктердің жүруі жергілікті полиция қызметімен қадағалануда. 

«Жақын уақытта зертханалық сараптама нәтижелерін күтіп отырмыз. Сол кезде нақты диагноз анықталады», - деді аудан әкімі.

Соңғы жаңалықтар