Нұра өзені Арал теңізінің тағдырын қайталамауы тиіс - депутат Д. Құсайынов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Дауылбай Құсайынов Нұра өзенінің жағдайына араша түсу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Орталық Қазақстанның қоршаған ортасы - өнеркәсіптің жетіліп, экологиямен санаспағандықтан аса қолайлы емес деп танылып отыр. Бұлайша қоршаған ортаның жағымсыз өзгеруі ауруға шалдыққандар мен адам өлімі санының өсуіне әкелетіні анық. Бұл аймақтың үлкен күретамыры Нұра өзені болса, бұл өзен арнасында соңғы жылдары су азайып, сынап пайда бола бастағаны мәлім. Шындығын айтқанда бұрынғы Нұра жоғалып, адам жайдақ кешіп өте беретін жағдайға жетті. Тіпті өзеннен нәр алатын шабындық та, жайылым да азайып, оның байлығы - балығы да құрып барады. Кезінде бұл өзеннің суын ауызсу ретінде пайдаланушы еді. Қазір олай емес. Нұраның арнасын тазарту туралы Үкімет бағдарламасы да тиімсіздігін көрсетті», деді депутат Дауылбай Құсайынов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Нұра өзені әлемге әйгілі Қорғалжын қорығына да қауіп төндіре бастаған. Елбасы Н. Назарбаев осы қорықты бүгінгі қалпында сақтап, табиғи байлығына нұқсан келтірмей келешек ұрпаққа жеткізу парызын баса айтқан болатын.
«Нұра өзені Арал теңізінің тағдырын қайталамауы тиіс. Ал оның алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдамасақ, күн өткен сайын бұл мақсатқа арнайтын шығын да молая түсетіні даусыз», деді депутат.