«Нұра топтық су құбыры» мен «Қазсушарды» біріктіру жұмыстары аяқталуға жақын
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз «Нұра топтық су құбыры» және «Қазсушар» мекемелерін біріктіру құжаттары тиісті комитетке жолданғанын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Нұра топтық су құбыры» РМК мен «Қазсушар» РМК бірігуі аяқталуда. Құжаттар ҚР Қаржымині Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне жолданды», - деді ол.
Болат Бекнияз министрлік топтық су құбырларын жергілікті әкімдіктер меншігіне бере бастағанын атап өтті.
«Бұдан басқа, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және ұйымдастыру жөніндегі әкімшілік реформа шеңберінде су шаруашылығын басқарудың тиімділігін арттыру үшін министрлік топтық су құбырларын жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне береді. Маңғыстау облысында «Қазба-Қызан-Ақшымырау», «Басқұдық-Беки» екі топтық су құбыры берілді», - деді вице-министр.