Нұрәлі Әлиев Қазақстанда қар барысын сақтап қалу жобасын бастады
Алматы қаласында «Snow Leopard Foundation» халықаралық жеке қорының ресми тұсауы кесілді. Аталмыш қордың негізін қалаушы - қазақстандық бизнесмен, меценат Нұрәлі Әлиев болып отыр.
Қордың ресми түрде өткен ашылуында қоршаған ортаны қорғау бойынша халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жетекші ғалым-зоологтар, Швеция, АҚШ, Қытай, Ресей, Монако, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланды, Македония, Дания, Франция мен Түркия елдерінен құрметті меймандар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық және шетелдік бизнесмендер келді.
Кешке сонымен бірге голливудтық актер Эдриан Броуди, белгілі швед жиһангезі Йохан Нильсон, Джек Маның «Paradise International Foundation» қорының вице-президенті Ван Дэчжи, Монако Альберт II ханзадасы қорының өкілі Гэтсби Милютэн қонақ болды.
Меймандардың алдында сөз сөйлеген Нұрәлі Әлиев аталмыш қорды құру туралы бұрыннан жоспарлағанын, Қазақстанда ілбістердің таралуын ұзақ жылдарға созуға боларлық жүйе құруды ойлап жүргенін атап өтті.
«Қар барысы Тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылады. Алайда ширек ғасырдың ішінде Қазақстанда бұл аңның популяциясы 40 пайызға азайды», - деді ол.
Жаңа қор басшысының айтуына қарағанда, «Snow Leopard Foundation» ТМД елдері ішінде қар барысын реинтродукциялау бойынша тұңғыш қор болып табылады.
Анықталып отырғанындай, бірегей «Kingdom of Snow Leopard» бағдарламасы аясында Іле-Алатау ұлттық табиғи парктің ішіндегі 500 гектарлық аймақта қар барысының өсірілуі мен бейімделуі орталығының құрылысын жүргізу жоспарланған. Соныме бірге, аталған орталықта визит-орталық пен арнайы тамашалау алаңы салынады. Ол жерде келген меймандар қар барысының тіршілігін тамашалай алады.