Нұралы Әліп «Зенит» футбол клубымен келісімшарт мерзімін ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп ресейлік командамен келісімшарт мерзімін ұзартты. Бұл туралы «Зенит» футбол клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа келісімшарт 2028 жылдың жазына дейін жасалды.
«Зенит» футбол клубы командамен келісімшарт мерзімін ұзартқан Нұралыны құттықтап, оған жаңа табыс пен толайым жеңіс тілейді! - деп жазды клубтың баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда РПЛ-да Нұралы Әліп Сергей Семак жаттықтыратын команда сапында барлық турнирде 37 кездесу өткізіп, бір гол соққан болатын. «Зенит» құрамында қазақстандық футболшы үш рет Ресей чемпионы атанды.