Нұрасыл Мәдиәр: Жастардың азаматтық жауапкершілігі нақты іспен көрінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын білімді, белсенді, прогрессивті және мақсатшыл жастармен байланыстырады. Президенттің пікірінше, жас буын елдің дамуына жауапкершілікпен қарап, қоғамға пайдалы бастамаларға белсенді араласуы керек.

Нұрасыл Мәдиәр: Жастардың азаматтық жауапкершілігі нақты іспен көрінеді
Фото: Нұрасыл Мәдиәрдің жеке архивінен

Осы пікірге қатысты «Елорда үміті» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрасыл Мәдиәр жастардың азаматтық жауапкершілігін күнделікті өмірдегі нақты істерден көруге болатынын айтты.

Сонымен қатар ол жастар қоғамдағы өзгерістерге сырттай бақылаушы болмай, өз ортасындағы мәселелерді шешуге белсенді араласуы керек екенін атап өтті. 

– Меніңше, бұл ойды әсіресе азаматтық жауапкершілік пен нақты іске қатысу тұрғысынан түсінген жөн. Жастардың қоғамға үлесі тек білім алумен немесе өз кәсібінде жетістікке жетумен шектелмейді. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, ерікті іске қатысу, қоғамдық мәселеге бейжай қарамау, өз ауласынан, оқу орнынан, көшесінен бастама көтеру де азаматтық мәдениеттің көрінісі, – деді Нұрасыл Мәдиәр.

Оның айтуынша, жастардың жауапкершілігін көрсетудің бір бағыты – экологиялық волонтерлік.

– Осы тұрғыдан алғанда, экологиялық волонтерлік жастардың жауапкершілігін нақты іспен көрсететін бағыттардың бірі. Сенбілікке бір рет қатысу маңызды, бірақ одан да маңыздысы - тазалықты күнделікті әдетке айналдыруға үлес қосу. Мысалы, жастар экологиялық бастамаларды ұйымдастырып қана қоймай, қоғамдық кеңістіктердің жағдайын бақылауға, түсіндіру жұмыстарына, цифрлық кері байланысқа және жергілікті шағын жобаларға қатыса алады, – деді ол.

Нұрасыл Мәдиәр бұл мәселені «Адал азамат» ұстанымымен де байланыстырады. Оның пікірінше, азаматтық жауапкершілік сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінеді.

– Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұстанымымен сабақтас айтылған бұл ойдың тәжірибелік мәні де осында деп есептеймін: жауапкершілік сөзден әрекетке өткен кезде ғана қоғамдық құндылыққа айналады. Сондықтан жастарға артылатын міндет - бәрін бірден өзгерту емес. Өз ортасына жауапкершілікпен қарап, білімін, уақытын және мүмкіндігін қоғамға пайдалы іске бағыттай білу. Елдің болашағы туралы айту маңызды, ал сол болашақтың қалыптасуына бүгіннен бастап өз үлесін қосу - одан да маңызды, – деп түйіндеді Нұрасыл Мәдиәр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтқан еді.