Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Нұрай Серікбай ісі: Сараптама қорытындысы, бейнежазба мен хат алмасулар нені көрсетті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Куәларды сұрау аяқталғаннан кейін сот қылмыстық іс материалдарын зерттеуге кірісті. Бүгінге дейін үш том қаралып, 7 тамыздан бастап қалған 16 томды зерделеу басталды.

сот
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Сот отырысындағы негізгі эпизодтардың бірі – Нұрайды «алып қашу» рәсімімен алып кеткеннен кейін түсірілген бейнежазбаға жүргізілген сот-психологиялық-лингвистикалық сараптаманың қорытындысын жариялау болды. Қаратау аудандық полиция басқармасында түсірілген видеода қыз Шерхан Аймаханның көлігіне өз еркімен отырғанын және оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.

Сот төрағасы Саммидин Теміралиев сарапшылардың қорытындысын оқып берді. Онда қыздың сөзінен алдын ала дайындалған мәтін белгілері анықталғаны айтылған.

– Оның бірізді әрі логикалық баяндалған әңгімесінде жазбаша сөйлеуге тән күрделі синтаксистік құрылымдар, өз ойын жеткізуде дербес бастаманың болмауы, сондай-ақ бірқалыпты сөйлеу мәнері мен кідірістердің болғаны анықталған. Бұл оның сөзі алдын ала дайындалғанын және ойластырылған элементтерді қамтитынын көрсетеді, – деді судья сараптама қорытындысын оқып.

Сот төрағасы Нұрайдың «өз еркіммен келдім» деген сөзіне де ерекше тоқталды.

– Нұрай Серікбай бұл сөздерді өз еркімен айтты ма әлде біреудің ықпалымен айтты ма деген сұрақ туындайды. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, оның сөзі алдын ала дайындалған мәтін сипатында болған, – деді Саммидин Теміралиев.

Осыдан кейін сот Нұрай Серікбайдың 2025 жылдың қазан айындағы оқиғалардан кейін полицияға жазған арыздарын зерттеуге кірісті.

м
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Сот төрағасы Қаратау аудандық полиция басқармасының бастығына жолданған арызды жариялады. Онда қыз өзін алып қашу жағдайларын егжей-тегжейлі сипаттаған.

Құжатқа сәйкес, Алматыдан келгеннен кейін Шерхан Аймахан оны үйіне апарудың орнына туыстарының үйіне әкеліп, еркінен тыс ұстап, ұялы телефонын алып қойған.

– Мен үйге жіберуін сұраған кезде, ол менің iPhone 15 телефонымды күшпен алып қойып, «Мен сені зорлықпен алып келдім» деді. Оны заңға сәйкес жауапкершілікке тартуды сұраймын, – делінген Нұрайдың сотта оқылған арызында.

Құжат жарияланғаннан кейін жәбірленуші тараптың адвокаты сотталушыдан арыз мазмұнына қатысты түсініктеме беруін сұрады. Шерхан Аймахан жауап ретінде Нұраймен жазысқан хаттарына қайта сілтеме жасап, арыздағы жағдайлар шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

Ал жәбірленуші тараптың өкілі сот назарын хат алмасуларға аударды. Онда арыз жазылғаннан кейін көп ұзамай сотталушы Нұрайдың әкесіне қыздың басқа мәтін жазуға мәжбүр болғанын айтқаны көрсетілген.

Кейін сот сотталушының анасының телефонынан табылған хат алмасуларды зерттеді.

Оқылған хабарламалардан 5 қазанда туыстары Шерханның Нұраймен бірге келуін талқылағаны, уақытын нақтылағаны және қызды үйде қарсы алуға дайындық жасағаны көрінеді. Анасы ұлының қай жерде екенін сұрап, белгілі бір уақытқа келуін өтінген, сондай-ақ бірге келетін адамдардың дайындығын нақтылаған.

Жәбірленуші тараптың пікірінше, бұл хат алмасулар Нұрайдың Аймаханның үйіне келуі оның туыстарымен алдын ала келісілгенін көрсетеді. Сонымен қатар сот Серікбайлар отбасының телефонындағы мәліметтерді де зерттеді.

Материалдарға сәйкес, 4 қазан күні кешке ата-анасы мен туыстары Нұрайға бірнеше рет хабарласуға тырысқан, бірақ байланыса алмаған. Қыздың телефоны ұзақ уақыт өшірулі болған. Кейін оның нөмірінен хабарламалар келе бастаған.

Хабарламалардың бірінде: «Анашым, менің тойым сіздердің рұқсаттарыңызсыз өтті. Мен мұны қаламадым…» – деп жазылған.

Сот төрағасы бұл хабарламалар келгенге дейін туыстары қыздың жоғалғаны туралы полицияға арыз беруге дайындалып жатқанын атап өтті.

Сот отырысында сотталушының бұрынғы және қазіргі жауаптарындағы қайшылықтар зерделенді. Тергеу барысында Аймахан Нұраймен танысуы, олардың қарым-қатынасы, алып қашуға дейінгі оқиғалар және қылмыс болған күн туралы егжей-тегжейлі айтқан. Алайда сот барысында ол бірнеше рет болған оқиғаның маңызды тұстарын есінде жоқ екенін мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы да осыған назар аударды. Прокурор сотталушының бастапқы жауаптарын қысыммен бергенін айтатынын еске салды. Бірақ дәл сол жауаптарында ол пышақпен жеті-сегіз рет ұрғанын айтқан, ал тергеу барысында 35 пышақ жарақаты анықталған.

– Егер сіз айтқандай, жауаптарыңыз қысым көрсету арқылы алынған болса, онда неге жеті-сегіз рет ұрдым дедіңіз? Егер сізді өзіңізге жала жабуға мәжбүрлеген болса, сізге барлық 35 соққыны мойындатар еді. Неліктен олай болмады? – деп сұрады прокурор.

Сотталушы бұл сөздерді оған тергеу қызметкерлері айтып бергенін мәлімдеді.

Прокурор сондай-ақ егер сотталушыға шынымен қысым жасалған болса, тергеушілер оны істің басқа да мән-жайларын мойындауға мәжбүр ете алатынын атап өтті.

– Демек, ондай жағдай болмаған ғой? – деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.

– Болған жоқ, – деп жауап берді Аймахан.

Прокурор сотталушының пышақ жарақатын салу фактісін мойындағанымен, қылмыс мән-жайларын есінде жоқ деп отырған қайшылығына тоқталды.

Сот отырысы аяқталғаннан кейін жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров журналистерге зерттелген материалдар сотталушының ұстанымын жоққа шығаратынын айтты.

– Бүгін іс материалдарын зерттеу барысында бұл қылмысты Нұрай Серікбайға дәл сотталушы жасағаны анықталды. Оның пышақ жарақатын салған сәтті есіме түсіре алмаймын деген уәждері расталған жоқ. Бүкіл процесс барысында ол жауаптарын өзгертіп, өз сөзіне өзі қайшы келді, – деді адвокат.

Омаровтың айтуынша, сотталушының бастапқы мойындау жауаптары қысым арқылы алынғаны туралы мәлімдемелері де дәлелденбеген.

– Егер адам өзіне заңсыз ықпал жасалды деп есептесе, заң оған тергеу әрекеттеріне шағымдану мүмкіндігін береді. Мұндай шағымдар берілген жоқ, – деді адвокат.

Еске сала кетейік, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды «алып қашу» рәсімі арқылы некеге мәжбүрлеу, аңду және ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бойынша айыпталып отыр.