«Нұрбанктің» бұрынғы топ-менеджерлері Ж. Темірәлиев пен А. Хасеновтың мәйіттері табылды
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен «Нұрбанк» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасеновтың мәйіттері Алматы қаласының тау бөктеріндегі «Қазтелерадионың» қоймалар базасы аумағынан табылды.
Бұл туралы бүгін Астанада болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
Оның айтуынша, топ-менеджерлердің мәйіттері 3-3,5 метр тереңдікте темір бөшкелерге жерленген және ақбалшықпен жасырылған екі шіріген мәйіт қазып алынды. "Мәйіттердің бастарына қара бас киімдер кигізілген, полиэтилен пакеттермен оралған, мойындары жіппен және темір сыммен байланған. Мәйіттерді алдын ала тексеру нәтижелері бойынша оларды Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың денелері деп жорамал жасауға толық негіз бар, - деді ресми өкіл. ҚР Бас прокурутурасының ресми өкілі сондай-ақ мәйіттерде 4 жылдан астам уақыт бұрын ұрланған банкирлердің киімдері болғанын мәлімдеді.
Бас прокуратураның дәйектерінше, мәйіттерді Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың денелері деп тұжырым жасауға мынадай негіздер бар:
- мәйіттер табылған орын бұрын тергеу барысында қылмыс құрбандарының жерленген орны болуы мүмкін жер ретінде анықталған болатын, бірақ іздеу жұмыстары мәйіттердің табылған жерінен 100-150 метр жоғарыда жүргізілген;
- 2007 жылғы ақпанның 9-нан 10-на қараған түні Темірәлиев пен Хасеновті белгісіз бағытқа алып кеткен уақытта қылмыскерлердің дәл осы мәйітті тапқан ауданда болғандары туралы тергеуде жеткілікті деректер бар;
- қылмыскерлер банкирлерді алып кетер алдында олардың бастары мен беттерін қара бас киімдермен жапқан;
- дәл осының алдында Хасеновтің басынан шашын тақырлап алып тастаған, ал табылған мәйіттердің біреуінің бас сүйегінің шашы осылай алынған.
- мәйіттердің біреуінде «Blazer» этикеткасы сақталған іш киімнің қалдықтары табылды, ал Хасеновтың жұбайы бұрын оның күйеуінде дәл осындай іш киім барын айтқан болатын.
- сонымен қатар, мәйіттердің бірінен табылған тіс протезі сипаттамалары бойынша Темірәлиевтің тіс протезіне сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан мамандары Германияның сарапшыларын тарта отырып мәйіттерге сараптамалық тексеру жүргізуде. Жуық арада биологиялық, физико-техникалық және геномдық сараптамалар жүргізіледі және осылардың нәтижелері 99,9%-ға мәйіттердің кімдікі екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бас Прокурордың қаулысымен Бас прокуратура, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің құрамынан жедел-тергеу тобы құрылды және олар барлық қажетті жедел-тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бұрынырақта хабарлағанымыздай, 2007 жылғы 11 қазан күні Алматы қалалық ІІД Қазақстан Республикасы Ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы Жолдас Темірәлиев пен Айбар Қасеновтың ұрлануы фактісі және бірқатар басқа да ауыр, өте ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істі аяқтайтынын хабарлаған болатын. Аталмыш қылмыстық іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабының 1- бөліміне сәйкес алдын ала тергеу органдары Қазақстан Республикасының азаматтары - Әлиев Рахат Мұхтарұлына, Кошляк Вадим Михайловичқа, Мұсаев Әлнұр Әлжапарұлына, Сапожников Виктор Анатольевичке, Имашев Төлеген Сержанұлына қатысты оларды айыпкер ретінде тарту жөнінде өкім шығарды. Аталған азаматтардың елден тысқары жүргеніне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 208-бабының 3-бөліміне сәйкес оларға сот Алматы қаласында 2007 жылы қазанның 13-інде таңертеңгі сағат 10-ға белгіленгені хабарланған болатын.
Ал 2008 жылғы қаңтарда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті «Нұрбанк» акционерлік қоғамының топ-менеджерлерін ұрлағаны үшін кінәлі деп танып, сырттай 20 жылға қатаң режимдегі түрмеге кескен болатын.
Сот үкімін судья Нұрділдә Сейітов 2008 жылдың 15 қаңтарында жария етті. Үкімде Р.Әлиевтің, Нұрбанк клиенттері - бірқатар заңды және жеке тұлғалардың дүние-мүлік және қаржылық жағдайы туралы сенімді ақпараттар негізінде, банк басқармасы төрағасы орынбасарының кеңесшісі Вадим Кошлякпен және «Алматур» акционерлік қоғамының директоры Құрман Әкімқұловпен ымыраласып, бөтеннің мүлкіне ие болу үшін «Нұрбанктің» бұрынғы топ-менеджерлері Әбілмәжін Ғылымовты, Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтарды ұрлағандығы айтылады.
Ал 2008 жылғы 18 қаңтарда Астанада өткен брифингте Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына қатысушылар бөлімінің прокуроры Владимир Кириленко «Нұрбанк» акционерлік қоғамының топ менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіттерін іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын.
В. Кириленко сол кезде соттың мәліметтері бойынша аталмыш азаматтарды 2007 жылдың 9 ақпанынан кейін ешкім де көрмегенін айтқан болатын. «Біздің пайымдауымызша, олардың тірі болуы екіталай. Бұл мәселе бойынша қазір іздестіру шаралары жалғасуда. Құзырлы органдар мәйіттердің қай жерде болуын шамалап біледі. Оған байланысты іздеуге жататын арнайы аймақ та белгіленіп қойды. Оның көлемі 90 гектарға жуық аймақты қамтиды. Онда қазір атқарылуы тиіс шаралар өте көп», - деген болатын сол кезде В. Кириленко.