Нұрбек Бадырақов Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болды

Нұрбек Бадырақов
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Нұрбек Бадырақов тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform. 

Басқарма басшысын ұжымға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.

Нұрбек Бақтыбайұлы 1988 жылы 11 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Қазақстан халықтар достығы университетінің түлегі.

Мамандығы – су ресурстары және суды пайдалану, құқықтану.

Нұрбек Бақтыбайұлы еңбек жолын 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасында статист болып бастады.

2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің жетекші маманы, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының егін және су шаруашылығы бөлімінің басшысы, 2013-2015 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2016-2017 жылдар аралығында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ЕТҰ қызметін талдау және дамыту департаментінде бас менеджер, ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат көмекшісі, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы болды.

2018-2022 жылдың шілдесіне дейін Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып еңбек етті.

2022-2023 жылдар аралығында Ордабасы ауданының әкімі лауазымын атқарды.

Соңғы жаңалықтар