Нұрбол Жұмасқалиев «Тобыл» клубының бас бапкері болып тағайындалды

Тобыл ФК
Фото: fctobol\instagram

АСТАНА. KAZINFORM – Орал футболының түлегі Нұрбол Жұмасқалиев «Тобыл» клубының бас бапкері болып тағайындалды.

«Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Нұрбол Жәрдемұлы команда ойыншыларымен, жалпы, Қостанай футболының тарихымен жақсы таныс. 

Клубтың аңыз ойыншысы «Тобыл» сапындағы алғашқы матчын сонау 2000 жылы өткізді. «Тобыл» жейдесінде Нұрбол Жәрдемұлы барлық турнирлерде 500-ден астам матчқа қатысты.
Нұрбол Жұмасқалиев Премьер-лигадағы гол соққандар тізімінде рекордшы. Жартылай қорғаушы қостанайлық клубпен ел чемпионатын, кубокті және медальдардың барлық жиынтығын жеңіп алды. Қазақстанның үздік ойыншысы және жартылай қорғаушысы атанды.

Осыған дейін бас бапкер болған сербиялық маман Милич Чурчич биылғы 10 маусымда қызметінен кеткен еді. Содан бері Н.Жұмасқалиев бас бапкер міндетін атқарып келді. 

Соңғы турда Ақтөбеде басты қарсыластарының бірін 4:3 есебімен тізе бүктірген қостанайлық клуб 19 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында келеді.

Соңғы жаңалықтар