Нұрболат Қанағатов туралы не білеміз?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Нұрболат Қанағатов туралы не білеміз? Ол Қазақстан волейболының және ғылымының дамуына үлес қосқан ғалым әрі жаттықтырушы. Биыл 70 жасқа толды.

Нұрболат Қанағатов туралы не білеміз?

Нұрболат Қанағатов жастайынан волейбол спортына әуес болған. Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №2 мектеп-интернатта оқып жүргенде-ақ қалалық волейбол жарыстарына қатысып, көзге түседі. Бойшаң, қимылы ширақ, әр соққысы мығым жас ойыншыны жаттықтырушылар Алматы жасөспірімдер командасына қабылдайды. Мектепті үздік бітірген Нұрболат Қанағатовқа қазақ волейболының атасы Октябрь Жарылғаповтың өзі кеңес беріп, Қазақ дене тәрбиесі институтына (қазіргі - Қазақ спорт және туризм академиясы) жіберген.

«Қазақ ауыл шаруашылығы университетінің Механика факультетіне емтихан тапсырып, жақсы баға алып, оқуға түсіп қойған едім. Кейін Октябрь аға Жарылғапов келіп «мына университетті бітірсең, кейін ауылда трактордың астында май-май боп жүресің, ал дене тәрбиесі институтын бітірсең мен сияқты галстук тағып жүресің» деп галстугын қолымен бір ұстап қойған еді. Кейін Октябрь аға құжаттарымды дене тәрбиесі институтына тапсыруға көмектесті. Спорттағы жетістіктерімнің арқасында институтқа емтихансыз түстім» дейді мерейтой иесі.

Нұрболат Қанағатов 1964 жылы институтқа түсе сала студенттер құрамасына алынып, Шымкенттегі ірі жарысқа қатысып, жеңіске жеткен. Қанағатов төрт жыл бойы институттың волейбол құрамасының негізгі құрамында ойнаған. Институтты қызыл дипломмен бітіріп, спорт министрлігінің арнайы жолдамасымен Қазақ политехникалық институтына (қазіргі - Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) жұмысқа барады. Сол жылы Нұрболат Қанағатов отан алдындағы борышын өтеуге шақырту алып, Алматы армия спорт клубына жіберіледі. Бұл клубта да ол волейбол клубының белді ойыншысы болған.

«Әскерде жүргенде Ташкентте Орталық Азия командалары арасындағы жарысқа баратын болдық. Бапкеріміз «Ташкентте жеңіске жетсеңдер казармада емес үйде тұрасыңдар» деді. Біз Ташкентте барлық қарсыластарымызды жеңіп, жеңіске жеттік. Ал бапкеріміз уәдесін орындады» деп еске алады Нұрболат Қанағатов.

Әскерден келе сала Қазақ политехникалық институтына жұмысқа тұрады. Ол институтта волейбол құрамасын құрады. Қанағатов құрған команда волейболдан студенттер арасындағы Қазақстан чемпионатын төрт жыл қатарынан жеңіп алады. Нұрболат Телмұхаметұлы институтта оқып жүргенде отбасын құрады. Оқу орнындағы волейболдың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін басшылық оған Алматыдан пәтер береді.

Қанағатов волейбол командасымен Киев, Мәскеу, Санкт-Петербор, Ташкент, Бішкек, Үрімжі, Баку, Белград, Самаркандтағы ірі жарыстарға қатысқан.

Волейбол ойыншысы, кейін бапкер болған Нұрболат Қанағатов кейін осы спорттың ережесін жетік білетін маман ретінде республикалық ірі жарыстарда төреші де болған. Волейболдан ұлттық дәрежедегі төреші.

48 жылдан астам уақыт Қазақстандағы белгілі университеттерде қызмет жасаған Нұрболат Қанағатов бүгінде бірнеше ғылыми жұмыстардың авторы. Ол 50-ге жуық ғылыми-методикалық материал, бес методикалық оқу құралын жазған. АҚШ және Чехиядағы ғылыми журналдарда зерттеу жұмыстары жарық көрген.

Нұрболат Телмұхаметұлының шәкірттерінің бір бөлігі қазір ғылым кандидаттары, кейбірі волейболдан жаттықтырушы болып жүр.

Білім беру саласындағы еңбегі ескеріліп, Нұрболат Телмұхаметұлына 2006 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», спортқа қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы Құрметті спорт қайраткері» атағы берілді.

Бұған қоса Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің спорт және дене шынықтыру кафедрасы доцент дәрежесін алады. Білікті маман қазір де осы университетте шәкірт тәрбиелеп, сабақ береді. Екі жылдан кейін ұстаздық қызметіне елу жыл толатын Нұрболат Телмұхаметұлы әлі де біраз ғылыми жаңалықтар жазуды жоспарлап отыр.

Нұрболат Телмұхаметұлының бүгінгі таңда жас ұрпақты дене тәрбиесіне баулуда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда әрі насихаттауда атқарып жүрген еңбегі зор. Ол - ұстаздық қызметімен бірге бапкерлік қызметі арқылы шеберлік шыңдауға үлес қосып келе жатқан спорт жанашыры.

Бүгінде Нұрболат Телмұхаметұлының тәрбиелеген шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде ұстазының игі ісін жалғастырып жүр.

Күнсұлтан Отарбай