Нұрхан Жұмағазы оңтүстіккореялық файтерді бірінші раундта нокаутқа түсірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Нұрхан Жұмағазы Жапонияның Тиба қаласында өткен RIZIN 55 турнирінде оңтүстіккореялық Кёнг Пхё Кимді бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, промоушндегі жеңіс сериясын үш жекпе-жекке жеткізді, деп жазды Informsports.kz.
Жапон лигасында «жаңадан жарқырап келе жатқан жұлдыз» деген мақтауға ие болған отандасымыз Оңтүстік Корея өкілі Кёнг Пхё Киммен (15-5) кездесті.
Үш раундқа жоспарланған айқас бірінші раундта-ақ қазақстандық файтердің пайдасына шешіліп, Ким техникалық нокаутпен жеңіліс тапты.
Бұл Нұрхан Жұмағазының кәсіпқой мансабындағы 12-ші жеңісі ретінде тіркелді. Ол RIZIN ұйымында жеңіс сериясын үшке жеткізді.
Жекпе-жек алдында отандасымыз осы бәсекеде қарсыласынан басым түссе, келесі кезекте чемпиондық белбеу үшін таласқысы келетінін ашық мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, осыған дейін қазақстандық файтер Павлодарда аралас жекпе-жектен өткен Naiza 86 халықаралық турнирінде үндістандық қарсыласын нокаутпен жеңгенін жазған едік.