Нұрымбет Сақтағанов: ШҚО экономикасы «Қазцинкке» тәуелді күйге түскен

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Jibek Joly» арнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында өңір экономикасы біртарапты күйге түскенін айтты.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Экономиканы әртараптандырудың әсіресе біздің облыста мәні ерекше деп ойлаймын. Өйткені ол өндірісі дамыған өңір. Экономикасының 42 пайызын өнеркәсіп саласы береді. Сауданың үлесі 7 пайыздың үстінде ғана. Оның артында көптеген жұмыс орны, салық түсімі тұр. Ал республикалық бюджетке донор болып отырған Алматыда өнеркәсіп керісінше қала экономикасының 4 пайызын ғана, сауда саласы 14 пайызын береді. Сауданың үлесі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытқанда артады деген сөз, — дейді әкім.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов
Фото: Дияр Бексұлтанов

Аймақ басшысы өңір экономикасын «Қазцинк» компаниясына тәуелділіктен арылтудың жоспары әзірленіп жатқанын да айтты.

— Экономиканың 42 пайызы өнеркәсіпке тиесілі десек, оның ішіндегі қайта өңдеудің 70 пайызын «Қазцинк» беріп отыр. Демек, біздің облыс экономикасының дамуы жалғыз «Қазцинк» кәсіпорнына тәуелді болып отыр. Оны биылғы көрсеткіштер көрсетті. Жылдың алғашқы 3-4 айында «Қазцинк» өзінің бір цехын жөндеуге жауып, қайта іске қосты. Сол кезде өнеркәсіп көлемі 20 пайызға дейін төмендеп кетті. Сәйкесінше облыстың бүкіл көрсеткіштері, жалпы өңірлік өнім деңгейі де төмендеп кетті. Қазір «Қазцинктің» өнеркәсіп көлемі 1-2 пайыз өсім қосып келеді. Осылайша облыстың экономикасы да сондай динамика көрсетіп отыр. Біз бұлай бір ғана кәсіпорынға қарап отырмауымыз керек. Оған балама ретінде басқа салаларды дамытуымыз керек. Оның ішінде, әлбетте, туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа салалар бар. Қазір 2026-2030 жылдарға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жасап жатырмыз. Облыстың тұрақты дамуына қай салалар негіз болатыны сол стратегияда көрініс табады, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Бұған дейін ШҚО-да экологиялық талаптарды бұзған асфальт зауытының жұмысы тоқтатылуы мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар