Нұрқожа Қайпанов жартылай финалда ұтылып жолдамадан құр қалды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов жартылай финалда ұтылып, Олимпиада лицензиясынан құр қалды.

Нақтырақ айтсақ, 74 келідегі Нұрқожа Қайпанов 1/2 финалда әлем чемпионатының 2 мәрте қола жүлдегері ирандық балуан Юнес Эмамиге 0:11 есебімен есе жіберді.
Осылайша, жерлесіміз Олимпиада жолдамасына бір қадам қалғанда жарысты аяқтады.
Енді алда тағы екі балуанымыз Париж олимпиадасының жолдамасына таласады. Оның бірі 97 келі салмақ дәрежесіндегі Әлішер Ерғали болса, екіншісі 125 келі салмақта Юсуп Батырмұрзаев.
Аталған лиензиялық турнирде Олимпиада жолдамасы тек финалға шыққан балуандарға беріледі.
Өкінішке қарай, бүгін алғашқы іріктеу сындарында Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг) мен Майис Алиев (65 кг) жарыс жолынан шығып қалған болатын.
Күрестің үш түрінен 18 салмақ дәрежесінде 36 лицензия сарапқа салынып жатыр.