Нұрлан Әбдіров маңғыстаулықтармен кездесті

Кездесу барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамасы кеңінен талқыланды. Қатысушылар мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелерін енгізу, электрондық дауыс беру, сайлаушылардың бірыңғай электрондық тізімін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бұдан басқа, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын, оның ішінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының қызметін қамтамасыз ету, ұлттық байқаушылардың мәртебесін, олардың құқықтары мен өкілеттіктерін арттыру, сайлау учаскелерін бейнебақылау камераларымен жарақтандыру қажеттігі туралы мәселелер қозғалды.
Жұртшылық өкілдері облыстың мұнай кен орындарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін сайлаушыларға дауыс беру үшін оңтайлы жағдай жасау, мүгедектігі бар сайлаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау учаскелерінің инфрақұрылымын жетілдіру, олардың физикалық қолжетімділігін және тиісті жарақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды алға тартты.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар жастардың құқықтық сауаттылығы мен сайлау мәдениетін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Өңірлерде өтіп отырған кездесулерде мен жастардың сайлау процесіне деген қызығушылығын байқап келемін. Олар өздерінің креативті идеяларын алға тартып келеді. Ендігі біздің міндетіміз – жастарға қолдау көрсету, оқыту және дұрыс бағыт-бағдар беру»,- деді ОСК төрағасы.
Бұдан басқа, жұртшылық өкілдері Қазақстан Республикасының Конституциясына және сайлау заңнамасына енгізілетін барлық жаңа түзетулерді қабылдау алдында оларды халықпен талқылау қажет және мұндай талқылауды жүргізу маңызды деп атады. Сондай-ақ, осы іспетті талқылау және түсіндіру жұмыстары бірінші кезекте мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс деген өз ойларын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша қоғам өкілдері Ортсайлауком басшылығына сайлау процесіне қатысушыларға өз пікірлерін алға тартып, сайлау процесін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарды көтеруге мүмкіндік туғызып отырған осындай кездесу үшін өз алғыстарын білдірді.