Нұрлан Әбдіров түркістандық жастармен кездесті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Нұрлан Әбдіров Түркістан облысының саяси партияларының, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, сондай-ақ жастарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрлан Әбдіров түркістандық жастармен кездесті

Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, сайлау комиссияларының мүшелерімен үлкен кездесуі өтті.

Кездесуде сайлау жүйесін және сайлау заңнамасын жетілдіру бойынша сайлауды ұйымдастырушылар мен жергілікті жұртшылық өкілдерінің көптеген сауалдары мен ұсыныстары талқыланды.

Кездесуге қатысушылар аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге қолдау білдірді, сайлау процесіне қатысушылардың сайлау заңнамасының нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын күшейтуді, азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын сақтау кепілдігін қамтамасыз етуді ұсынды.

Бұдан басқа, мажоритарлық және аралас сайлау жүйелерін енгізу, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына сайланатындардың санын шектеу жөнінде пікірталастар болды.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ Президенттікке кандидаттарға қатысты заңнама талаптарына қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Яғни, олар кандидаттардың ел аумағында тұрақты тұруы және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуы қажеттігін алға тартты.

Сондай-ақ олар өтелмеген сотталғандығы бар адамдардың кандидаттарын сайланбалы лауазымдарға ұсынуға және Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының бір партиядан екіншісіне ауысуына жол берілмейді деп санайтындарын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша азаматтық қоғам өкілдері Ортсайлауком басшылығына осы өткізіліп отырған кездесу үшін ризашылықтарын білдіріп, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларын қолдайтынын және бұл іс-шара осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болып табылатынын атап өтті.

Нұрлан Әбдіров өз кезегінде іс-шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, Ортсайлауком өзара іс-қимыл жасауға ашық екенін және жұртшылықтың сайлау процесін жетілдіруге бағытталған барлық ұсыныстарын қарауға дайын екенін атап өтті.

Осы күні Ортсайлауком Төрағасы өңір жастарымен кездесті. Кездесу барысында жастар өкілдері бірқатар ұсыныстарды алға тартты, олардың ішінде партиясыз азаматтарды Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына ұсыну құқығы, ұлттық байқаушылардың мәртебесін арттыру, оларды сайлауаралық кезеңде оқыту, сайланбалы лауазымдар үшін жас шамасын белгілеу, жастардың электораттық мәдениетін арттыру мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ, электрондық дауыс беруді енгізу мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты. Жекелеген қатысушылардың пікірінше, цифрлық технологияларды енгізу, электрондық дауыс беру ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ сайлау процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін тәуекелдерге әкеліп соқтырады.

Кездесу қорытындысы бойынша ОСК төрағасы Түркістан облысының жастарына ашық, мазмұнды және қызықты диалог үшін алғысын білдірді және басты мақсат – жас сайлаушылардың сайлау процесіне қатысуын және олардың қызығушылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Нұрлан Әбдіровтің Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ү.ж. 1 наурызда Сайрам ауданының тұрғындарымен және Құтарыс ауылдық округі бойынша сайланған әкіммен кездесуі үшін сапарға шығуы жоспарланған.