Нұрлан Әуесбаев қалалардағы құрылысқа қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент сайлауына Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев республикалық сайлауалды штабының ұйымдастыруымен тығыз орналасқан құрылысқа қарсы бейбіт митингіге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Әуесбаев қалалардағы құрылысқа қатысты пікір білдірді

Іс-шара Астана қаласындағы Пушкин көшесі мен Ш. Құдайбердіұлы даңғылы қиылысында орналасқан саябақ аумағында өтті.

Акция барысында сөз сөйлеген кандидат шаһарларда құрылыс нысандарын бір-біріне тым жақын және тығыз салу мәселесі тек елорда және Алматы қаласымен шектелмейтіндігін атап өтті. Қазіргі кезде бұл – Қазақстанның барлық дерлік қалаларына таныс жағдай. Н. Әуесбаевтың пікірінше, тығыз орналасқан құрылыс нысандары қалада қолайсыз ортаны қалыптастырады.

Митингіге 50-ге жуық адам, оның ішінде елордадағы тығыз құрылысқа қарсы белсенділер қатысты.

Бұған дейін ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевтың Алматыдағы сайлаушылармен кездескені хабарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада Президент сайлауы өтеді.