Нұрлан Әуесбаев теледебатта қандай мәселелерді көтерді

None
Фото:t.me/qazaqstantv
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалы төрағасы Нұрлан Әуесбаев Парламентте қандай мәселелерді қолға алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші кезекте тегін медициналық қызмет, білім, азаматтардың ыңғайлы баспанасын қамтамасыз ету, зейнетақы, жалақы, жәрдемақыларды көтеру, жұмыспен қамту, банк саласындағы жоғары несиелердің бәрін төмендету мәселелері тұр», - деді Н. Әуесбаев теледебатта.

Партия өкілі бұл мәселелердің шешілмеуінің себебі – жемқорлық деп атап өтті.

Сондай-ақ ол кезек күттірмейтін үш мәселені атады.

«Қазақстандықтардың өмір сапасы стандарттарын енгізу, ол ғылыми тұрғыда Еуропа елдерінен алынған. Елдегі ең әлжуаз, аз қамтылған адамның өзі нақты стандарттарға сай болуы керек. Ол қазіргідей тұтынушылық себет қана емес, дәрі-дәрмекпен, демалыспен қамтылуы керек, тамақтануы, киімі, басқасы да бар. Бұл стандарттың сақталуына барлық министрлікті міндеттеу керек. Екіншіден, олигархиялық жүйеден арылу керек. Қазақстанда бәрі болса да, еліміз кедей тұрады. Өйткені бақылау жоқ, байлықты мемлекетке қайтару керек», - деді ол.

Соңғы кезеңде партия өкілдері халыққа үндеу жасап, дауыс беруге шақырды.

«Еліміз ауыр кезеңді өткеруде. Қымбатшылық күннен-күнге шарықтау шегіне жетіп барады. Сондықтан қазір айтылған барлық мәселелерді қорытындылап, қосымша тағы айтарым – Парламентке тергеу жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені Парламенттің үнсіз жүргенінің салдарынан жемқорлық жайлап алды. Біз барлық мәселені бақылауда ұстауымыз керек, ол халықтық бақылау болуы керек. Сонда ғана жақсы дәрежелерге жетеміз. Біз үздіксіз жемқорлықпен күресеміз. Елдің байлығын мемлекетке қайтаруға тырысамыз», - деді Н. Әуесбаев.

Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.


Соңғы жаңалықтар
telegram