Нұрлан Байбазаров ауылдық аймақтарды дамыту іс-шараларын атады

Нұрлан Байбазаров
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауылдық аймақтарды дамыту іс-шараларын атады.

«Ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту мақсатында министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп келесі іс-шараларды атқаратын болады. Ауылдардың экономикасын қарқынды дамыту үшін ауыл бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайту қажет. Осы мақсатта бюджеттің IV деңгейіндегі кірістерін 2,5 есеге арттырып, 167 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік беретін қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарлануда. Олар – жеке және заңды тұлғалар мүлік салығының 50, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым және пайдаланғаны үшін төлемақы және жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем», - деді министр.

Сонымен қатар Нұрлан Байбазаров ауылдық аумақтарды дамыту үшін мынадай іс-шаралардың көзделіп отырғанын атады:

- «Ауыл - ел бесігі» және ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту;

- шекара маңындағы аумақтарға басым түрде қаражат бөлу;

- тірек және спутниктік ауылдар тізіміне енбеген ауылдарды одан әрі қолдау мақсатында әкімдіктермен жаңа тәсілдер қарастыру;

- ауылдың цифрлық картасын әзірлеу;

- жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту шеңберінде мәслихаттардың, ауыл әкімдерінің және олардың аппараттарының өкілеттіктерін кеңейту;

- ауыл әкімдеріне арнайы техника сатып алу құқығын беру.

Соңғы жаңалықтар