Нұрлан Байбазаров «Бәйтерек» пен «Самұрықта» артық ақша қайдан пайда болғанын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» компанияларында артық ақша қайдан пайда болғанын түсіндірді.
Үкімет отырысында аталмыш министр квазимемлекеттік сектордың екі алпауыт компаниясында бос резерв бар екенін айтқан болатын.
Отырыстан кейінгі баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері министрдің қайдағы артық ақша туралы айтқанын сұрады.
«Менің оны білетінім, өзім жақында „Бәйтеректен“ келдім. „Бәйтеректің“ қандай резервтері бар екенін білем. Ол резервтерді сонда жүргенде Үкіметке келіп, экономиканы қаржыландыруға жұмсаймыз деп келіскен болатынбыз. Бұл қаржының көлемі — 350 млрд теңгедей. Оның бәрі экономиканы қаржыландыруға жұмсалады. Экономика өсімін 6 пайыз деңгейінде ұстау үшін резерв керек. Сол резервтің бір көзі ретінде қарастырып отырмыз», — дейді Нұрлан Байбазаров.
Вице-премьер «Самұрық-Қазына» қорында да бос резерв бар екеніне сенімді.
«Енді „Самұрыққа“ келсек, бұл жерде, әрине, қарастырамыз. Ол жерде де резерв бар екені сөзсіз. „Самұрық“ қазірдің өзінде өте үлкен, ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ол да — өсу резервтерінің бірі. Егер осы жобаларды уақтылы іске асырсақ, осы жобалар аясында бірінші кезекте отандық өндірушілерден жұмыстар мен қызметтерді, тауарларды сатып алсақ, сол біздің экономиканың өсіміне оң әсер етеді», — деді Ұлттық экономика министрі.
Сондай-ақ, ол аталған резервтің қайдан қалыптасқанын да айтты.
«Бәйтеректің» резерві — өзінің таза пайдасы. Алдыңғы есептерде 400 млрд теңгеден астам таза пайда түсті деп айтып кеткен болатынмын. Соның есебінен құрылған резервтерді айтып отырмын», — деді Нұрлан Байбазаров.