Нұрлан Байбазаров республикалық бюджеттің 300 млрд теңгесін оңтайландырмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биылғы республикалық бюджеттің 300 млрд теңгесін оңтайландырмақ.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрінен: «Бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту және экономиканы ырықтандыру бөлігінде қандай жұмыстар атқарылды?», - деп сұраған еді.
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында Қаржы министрлігі тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп, республикалық бюджет шығыстарын анықтау мақсатында осы жылдың шығыстарына қосымша тексеру жүргізді. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, сонымен қатар 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылғанын ескере отырып, келесіндей шараларды ұсынылады:
Бірінші – мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарын қысқарту. Бұл іссапарлар шығындары, форумдар өткізу, зерттеулер жүргізу және бағы басқалары;
Екінші – бірінші кезекті маңызы жоқ жобалар мен іс-шараларды, оның ішінде олардың орындалуы мерзімдерін, мысалы әкімшілік ғимараттар салу, ағымдағы жөндеу, күрделі шығындар және тағы басқа іс-шараларды қайтадан қарау;
Үшінші – мемлекеттік қолдаудың өнімділігі төмен іс-шаралар бойынша шығыстарды азайту;
Төртінші – жобаларды, оның ішінде жекелеген іс-шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстарды оңтайландыру.
«Осы талдау нәтижелері бойынша оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылып отыр. Егер сіз мақұлдаған жағдайда бұл қаражат Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін республикалық бюджетті наурыз айында түзету жолымен Үкімет резервіне шоғырландыру ұсынылады», - деді Ұлттық экономика министрі.
Осы орайда Премьер-Министр қабылданып отырған шараларды қолдайтындығын атап өтті.