Нұрлан Дулатбеков: Сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды, соны есте сақтау керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір-бірімізге сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков осыны есте сақтау керектігін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Дулатбеков: Сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды, соны есте сақтау керек

«Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтып, жарақат алған бауырларымыздың тезірек жазылып кетуін тілеймін. Шынында да, бұл бізге елімізге, менталитетімізге келмейтін жағдай екен. Сабырға шақыру керек. Біздің үлкен жетістігіміз – өзара татулық, бір-бірімізге деген мейірім. Қаншама жыл бойы көрші елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз ғой. Береке-бірлімігізбен мақтанамыз. Сол себепті осындай сыни кезеңде әрқашан сабыр ақтау керек», - деді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда қаншама ұлт өкілдері бірлікте өмір сүріп жатыр.

«Олардың барлығы да біздің елдің, елбасшыларының алға қойған міндеттерін жүзеге асырып, ортақ мақсатқа ұмтылып, соған жұмыс істеуі керек. Бір-бірімізге сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды. Біз соны есте сақтауға тиіспіз», - деді Нұрлан Дулатбеков.

Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.