Нұрлан Ноғаев атыраулық журналистерді марапаттады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтың үздік журналистерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Марапаттау рәсімі 28 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты кеште өтті.
Шараға облыс журналистері мен сала ардагерлері қатысты.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін республикалық «Мұнайлы Астана» газетінің бас редакторы - Смадияр Құттыгерей мен «Қазтелерадио» Акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының бас энергетигі Шукатиров Хайрош алды.
Сонымен қатар, бірқатар журналистер облыс әкімінің Алғыс хатына, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасына, байланыс және ақпарат саласындағы жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігі үшін Тауман Амандосов атындағы жүлдеге, облыстың мәслихаттың, Орталық коммуникациялар қызметінің Алғыс хаттарына ие болды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев журналистердің билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайту жолында атқарып жүрген еңбегін ерекше бағалап, төл мерекелерімен құттықтады.
