Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының тұрғындарына алғыс айтты

Нұрлан Ноғаев
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы жұртшылығына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. 

«Құрметті маңғыстаулықтар, қадірлі жерлестер! Өздеріңізбен бірге өңіріміздің дамуы мен игілігі үшін жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Үш жылға жуық уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маған Маңғыстау облысын басқаруды тапсырды, осы үлкен сенімі үшін Президентімізге рахмет айтамын. Маңғыстаудағы қызметім барысында әрдайым Президентіміздің қолдауына ие болып, білімімді, кәсіби, өмірлік тәжірибелерімді, біліктілігімді өңірдің дамуына жұмсадым», — деді ол Telegram каналына жазған үндеуінде.  

Оның сөзінше, өндіріс орындарын, шаруашылықтарды, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету, МАЭК-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, негізсіз бөлінген жер телімдерін қайтару және заңсыз құрылыстармен күресу бағытында, т. т. ауқымды жұмыстар атқарылған.

«Осы үш жыл ішіндегі облыс игілігі үшін бірлескен нәтижелі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Әріптестеріме, әр деңгейдегі депутаттық корпусқа, барлық кәсіпорындар ұжымына, жастарға, қоғамдық және этномәдени бірлестіктерге, құрметті ардагерлерге — барша маңғыстаулықтарға шынайы алғысымды білдіремін! Ашық аспан астындағы мұражай атанған осынау киелі өлкеде өткен кезең менің жүрегімде жылы естелік болып мәңгі сақталады. Маңғыстау — экономикасы нық, даму әлеуеті зор өңір. Ең бастысы өз елін сүйетін, оның гүлденуі үшін барын салатын рухы биік халқы бар. Сіздерге барлық жақсылықты тілей отырып, табыс пен жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін», — деді Нұрлан Ноғаев.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 16 мамыр күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды.

Маңғыстау облысының экс-әкімі Нұрлан Ноғаев несімен есте қалғанын осы ақпараттан оқи аласыз. 

Президент Жарлығымен Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар