Нұрлан Ноғаев мұнай-газ химияны дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнай-газ химияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жобаны әзірлеу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Ноғаев мұнай-газ химияны дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуді ұсынды

«Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында іске асырылып жатқан мұнай-газ химия өндірістерін жеделдету жөнінде іс-шаралар қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды. Осы мәселені шешудің мынадай жолдары ұсынылады. Біріншіден - мұнай-газ химияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жобаны әзірлеу. Бұл проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға, атап айтқанда мұнай-газ химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге; мұнай-газ химия кластерін құруға; қайта өңдеуді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, екіншіден, Үкімет пен инвестор арасында мемлекеттік қолдаудың барлық іс-шараларын бір құжатта біріктіруге мүмкіндік беретін инвестициялық келісім әзірлеу қажет.

«Аталған келісім мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұнай-газ химия өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 5,5 есеге артып, 2 млн тоннадан астамды құрайды. Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылған қаражаттың жалпы көлемі, яғни қарыз қаражаты және шетелдік инвесторлардың қаражаты) шамамен 3,9 млрд АҚШ долларын құрайтын болады», - деді ол.

Министр дерегінше, құрылыс кезеңінде 6 мыңнан астам жұмыс орны, пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады.

«Бұл ретте сарапшылардың бағалауы бойынша мұнай-газ химия саласында 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында қосымша 3 жұмыс орнын құрады», - деді Нұрлан Ноғаев.