Нұрлан Нығматулин Аустриядан келген тәуелсіз бақылаушылармен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына тәуелсіз бақылаушы ретінде Аустриядан келген Кристин Муттонен және Воьфганг Гроссрукпен кездесті. Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Нұрлан Нығматулин Аустриядан келген тәуелсіз бақылаушылармен кездесті

Н. Нығматулин мәртебелі меймандарға осы жылдың басында Қазақстанда болған айтулы саяси өзгеріс жайында хабардар ете келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі - биліктің жоғары тармағындағы сабақтастықты қамтамасыз етудің айқын дәлелі екенін айтты.

Осы орайда, маусым айының 9-ына белгіленген кезектен тыс президент сайлауы елдегі қоғамдық-саяси келісімді сақтауға, үздіксіз алға жылжи отырып, әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.

Н. Нығматулин атап өткендей, халықаралық стандарттарға сәйкес, таза, ашық және әділ, демократиялық сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалды.

Өз кезегінде Аустрия Парламенті Ұлттық Кеңесінің бұрынғы депутаты Кристин Муттонен Қазақстандағы сайлауға дайындық таңқаларлық жоғары деңгейде екенін және сайлаушылардың көптеп қатысуын қамтуға арналған шаралардың да қуантарлық екенін алға тарта келіп, осындай дәрежеде ұйымдастырылған сайлауға байқаушы ретінде қатысуға айрықша ынталы екенін жеткізді. Сондай-ақ, елдің болашағы үшін маңызды саналатын ертеңгі саяси науқанға зор табыс тіледі.

Тараптар одан әрі екі ел арасындағы, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Аустрия - Қазақстаннның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі. Ал, Вена - еліміздің алдыңғы қатарлы сауда серіктестерінің бірі.

Тараптар атап өткендей, алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің және кеңейтудің маңызы зор.