Нұрлан Нығматулин: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз еліміздің тарихында қалатын тағы бір ұлы қадам жасады. Ол Президентіміздің жарты ғасырға жуық кезеңді қамтитын «Қазақстан - 2050» даму Стратегиясы. Бұл ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірі.
Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздік алған күннен бастап, барлық қиындықтардың уақытша екенін айтып, әрқашанда өркениетке ұмтылған ұзақмерзімді мақсаттар мен міндеттер қойып келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанымыз кейбір дамыған елдердің өздері қиналған ауыр кезеңдерден сүрінбей өтіп, дүниежүзін таңқалдырған табыстарға қол жеткізді. Дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастыра отырып, беделі биік, абыройы жоғары, қуатты мемлекетке айналды», - дейді Мәжіліс Төрағасы.
Н.Нығматулиннің пікірінше, жеткен жетістіктермен тоқтауға болмайды. Сол үшін Елбасымыз Қазақстан халқына өркениеттің шыңына жетуді мақсат ететін және оның жолдары нақты белгіленген маңызды Жолдауын жария етіп отыр.
«Бұл тек ғана болашағын болжай білетін, кемел ойдың иесі, сонымен бірге, еліне, халқына шынайы қамқорлық, жанашырлық жасай білетін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты әлемдік саясаткердің, дана басшының, тарихи тұлғаның қолынан келетін ғаламат ұлы іс. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстанның тағы бір тарихи дәуірі басталды деуге болады», - деп түйіндеді Н.Нығматулин.