Нұрлан Нығматулин еңбек саласындағы жетістіктерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте өткен жұмыспен қамту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау барысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин салада орын алған өзгерістерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Нығматулин еңбек саласындағы жетістіктерді атады

«Өздеріңізге белгілі, егемендік алған алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Шаруашылық бойынша барлық сала тоқтады, фабрикалар мен зауыттар жабылып, көптеген азаматтарымыз жұмыссыз қалды. Зейнетақы, жалақы және басқа да әлеуметтік жәрдемақылар берілмеді. Бірақ та Елбасы саясатының арқасында аз уақыттың ішінде осы қиын кезеңдерден аман-есен өттік. Қазір елімізде еркін экономика құрылып, ол барлық салаға оң серпін берді. Осы уақыттың ішінде екі миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, орташа жалақы 17 есеге дейін өсті. Бұл біздің қол жеткен ең үлкен табастарымыздың бірі деп санаймыз. Осы жетістіктерімізді сақтап, одан әрі арттыру үшін Президент «Қазақстан-2050» стратегиясында, дәстүрлі Жолдауларында, басқа да әлеуметтік бастамаларда еңбекпен қамтамасыз етудің нақты жолдарын көрсетіп келеді», - деп тоқталды Н. Нығматулин.

Осы орайда ол бұл бағытта 2011-2016 жылдарда «Жұмыспен қамту жол картасы» жүзеге асырылғанын еске салып өтті. Нәтижесінде, бес жылда 800 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Ал былтырдан бері елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасы басталды.

«2017 -2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың кешенді жоспары республикамыздың  барлық аймақтарын қамтиды деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні жұмысқа деген сұраныс өте жоғары. Сол үшін  Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің  әрбір тапсырмасында жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын көбейту туралы нақты міндеттер қойып отыр. Оларды, сапалы заңдармен қамтамасыз ету - Парламенттің негізгі мақсаты. Сондықтан, осы мәселеге байланысты  Мәжілісте көптеген шаралар атқарылып жатыр», - деді Мәжіліс төрағасы.

Атап айтқанда, өткен сессияда Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» тиісті заңдармен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын  іске асыру шеңберінде қабылданған  «Еңбек кодексі» сияқты негізгі құжатты ерекше атап өту қажет. Онда жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастары реттелген. Ал 2016 жылы «Халықты жұмыспен қамту туралы» жаңа Заң қабылданды. Ол еңбек көрсеткіштерін халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға жол ашты.

«Биылғы жылы Парламент «Жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша» заңнамалық құжатын да қабылдады.Аталған заң жұмыспен қамту қызметтерінің жүйесін реформалауды, Электрондық еңбек биржасын енгізуді және жұмысқа орналастыру үшін жеке агенттіктерді тартуды көздейді. Бұл ақпараттарды бірыңғай интернет-ресурстарға біріктіруге мүмкіндік береді», - деді Н. Нығматулин.