Нұрлан Нығматулин Қордайда көз жұмған марқұмдардың туыстарына көңіл айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қордайдағы жаппай төбелесте қаза тапқан марқұмдардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қордайда қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын және зардап шеккендердің сауығуын тілеймін. Жағдай ел басшылығының бақылауында. Бір топ мәжілісмендер үкіметтік комиссиямен бірге оқиға орнында жұмыс істеуде. Біздің мақсатымыз арандатуға жол бермей, тұрақтылықты сақтау» деп жазды Мәжіліс төрағасы Twitter парақшасында.
Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.