Нұрлан Нығматулин Словакия елшісі Милан Колларды қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Словакия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Милан Колларды қабылдады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Қазақстан Словакияны Орталық Еуропа, жалпы Еуропалық Одақ ішінде маңызды әріптестердің бірі ретінде қарастырады. 25 жыл ішінде қос мемлекет арасында сенімді саяси диалог, қажетті құқықтық база қалыптасып, сауда-экономикалық әрі мәдени- гуманитарлық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасалды.
Нұрлан Нығматулин біздің еліміз Еуропа мен Азия арасындағы байланыстырушы көпір іспетті екенін алға тартты. Ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы «Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісім» байланысты тереңдету үшін үлкен мүмкіндік екенін айтып, өзара тиімді жобаларды бірлесе жүзеге асыру екі елдің сауда-инвестициялық бағытына жаңа серпін беретінін баса айтты.
Өз кезегінде Милан Коллар Қазақстанда басталған қызу саяси науқанға көңіл бөліп, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамаларының жалпы Еуразиялық кеңістік үшін өте маңызды екеніне тоқталды.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы парламентаралық байланысты күшейтуге баса назар аударып, осы орайда, бейінді комитеттер мен парламентаралық топтар шеңберінде іс-сапарлар арқылы заңнамалық тәжірибе алмасуды одан әрі ынталандыру қажеттігін айтты.