Нұрлан Смағұлов Алматыда Hyundai Motor Company басшысы Джэхун Чангпен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – Hyundai Motor Company президенті Джэхун Чанг (Jaehoon Chang) Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болып, еліміздегі кәсіпорынның өндіріс аясын кеңейту бойынша жоспарын жеткізді.    

Чанг
Фото: Hyundai Motor Company

Жаһандық бас директоры Джэхун Чанг бастаған кореялық автомобиль өнеркәсібі көшбасшыларының делегациясы Қазақстанға алғаш келіп отыр. Делегация құрамында жаһандық нарық жөніндегі операциялар бөлімінің басшысы Ли Ёнхо, Қытайдағы бизнес бөлімшесінің басшысы О Иккюн, ТМД және Орталық Азия елдерінің басшысы Ли Ук пен бірге Hyundai Motor Company компаниясының әлемдік нарықтағы өкілдері бар. 

Чанг
Фото: Hyundai Motor Company

Сапар мақсаты – Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan («Астана Моторс») зауыты жұмысымен танысу және компания негізін қалаған Нұрлан Смағұловпен бірге зауыт болашағын талқылау.

Кездесудің өзегі – автокөліктерді құрастыруда шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен шығарылатын автокөліктер санын және автобөлшектерді елде шығаруды бірте-бірте 100% жеткізу үшін зауыт ауқымын кеңейту болды. 

Чанг
Фото: Hyundai Motor Company

«Hyundai бренді Қазақстан бойынша бірінші орында. Биыл 48 857 автокөлік шығарылып, 46 725 данасы сатылды. Hyundai компаниясының қазіргі Қазақстандағы үлесі жалпы автомобиль нарығының 24%-ын құрайды. Сондықтан Hyundai Motor Company және Джэхун Чангтің өзі қазақстандық нарық пен еліміздегі автомобиль өнеркәсібінің дамуына ерекше көңіл бөліп отыр», – деді Нұрлан Смағұлов.

Өз кезегінде Джэхун Чанг: «Біз Қазақстан мен «Астана Моторс» компаниясының автомобиль өнеркәсібін және Hyundai брендін дамытудағы жұмыстарын жоғары бағалаймыз. Алматыдағы зауыт өндірісін кеңейту үшін Hyundai Motor Company инженерлік тобын Қазақстанға жібереміз», – деді. 

Чанг
Фото: Астана моторс

Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл көліктер зауыты 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зауытта Hyundai-дың 10 моделі шығарылады – i20, i30, Accent, Elantra, Sonata, Bayon, Tucson, Santa Fe, Palisade, Staria. 2023 жылы жаңартылған Elantra мен Sonata үлгілерін шығара бастады.

Hyundai Trans Kazakhstan машина жасау саласында кадрлық резервті қалыптастыратынын да айта кеткен жөн. Бүгінде компанияда 1289 адам жұмыс істейді. Hyundai Motor бас компаниясы еліміздегі жас инженерлерді, шеберлер мен зауыт жұмысшыларын Ульсан қаласындағы (Корея) зауытына білім және тәжірибе алмасуға шақырды. 

Сондай-ақ Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Satbayev University-мен ынтымақтастық орнатқан еді. Бұл Hyundai Motor Company тарапынан да қолдауға ие болып, алдағы уақытта «Астана Моторс» бірлесе студенттерді оқытып, автомобиль өнеркәсібі үшін кадрларды дайындауда қажетті оқу материалдарын, кесілген үлгілерді, бөлшектер мен тораптардың үлгілерін ұсынады деген келісімге келді.

Оның үстіне, зауыт жанынан автомобиль бөлшектерін шығаратын кәсіпорындар кешені (технопарк) салынуда. Технопарк құрылысына салынған инвестицияның көлемі – 12,4 млрд теңге. Іске қосу 2024 жылдың соңына жоспарланған. Автокөлік бөлшектерін шығаратын 3 кәсіпорында 400-ден астам маман жұмыс істеуі жоспарланған.

Hyundai Motor Company іссапары еліміздің әлемдік автомобиль өнеркәсібінің маңызды қатысушысына айналғанын айғақтайды.

Соңғы жаңалықтар