«Нұрлы көш» бағдарламасының аясында 2010 жылы 1 мың 488 тұрғын үй салынады - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республикада азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік көмектермен қамту жұмыстары мен әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен жандарды қорғау шаралары жетіліп келеді. Осыған орай биылғы 2009 жылы әлеуметтік төлемдер мөлшері 25 пайызға артты. Бұл мәселе жөнінде бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Тұрғындарды әлеуметтік қорғау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітова баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілісте мәлім болғанындай, елімізде «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан сияқты еліміздің 3 аймағында ілкі жобалар жүзеге асырылуда. Оның нәтижесінде елде 851 тұрғын үй салынып, 200 пәтердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы қалпына келтірілетін болады. Сонымен қатар «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында 2010 жылы Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да 7 ілкі жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталып, барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар 1 мың 488 тұрғын үй салынбақ.