Нұрлы жер: Ақмолада 3 мыңнан аса отбасы баспаналы болды
Бүгін аймақ басшысы Мәлік Мырзалин облыс тұрғындары алдында өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жылғы міндеттері туралы есеп берді.
Есептік кездесуде баяндама жасаған облыс әкімі өңірде 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3640 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартқанын атап өтті.
«Жалпы, облыста тұрғын үй салуда 2016 жылмен салыстырғанда 117 пайыз өсім бары байқалады. Жыл ішінде 7 жалдамалы (190 пәтер) және 5 несиелік (171 пәтер) тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Жекеменшік үй салу көлемі 130 пайызға өсті. 250 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Үстіміздегі жылы көп пәтерлі 28 үй салу жоспарлануда. Оның 16-сы жалдық және 12-сі несиелік. Оған қоса, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арзан құрылыс механизмін жүзеге асырмақ. Ақмол ауылында 10 көп пәтерлі үй мен Қабанбай батыр селосында 200 жеке үй салынбақ. Облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 210 миллион теңге бөлініп отыр», - деді облысы әкімі.
Сонымен қатар, Мәлік Мырзалин өз баяндамасында жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамыту үшін инфрақұрылымдары дайын 360 жер телімі берілетінін, оның 168-і облыс орталығы аумағынан екенін атап өтті.