«Нұрлы жер» аясында жыл сайын 40 мың адам жеке үйін сала алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осылайша, 15 жылдың ішінде "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 600 мыңнан астам адам жер телімін алып, жеке үйді тұрғыза алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Осындай жоспар бар. Бұрын жер неге берілмеді? Инфрақұрылым желілері, яғни су мен жарық тартылмағаннан кейін жер берілмеді. Биылдан бастап "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жыл сайын 80 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Соның 30-40 миллиард теңгесі инфрақұрылым желілерін тартуға жұмсалатын болады. Жыл сайын 40 мың адамға жер учаскелері беріледі деген жоспарымыз бар", - деді ҚР Инвестициялар және даму министрілігі Құрылыс және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша жер кезегінде тұрғандардың саны 1 миллион 300 мың адамға жеткен.
Айта кетейік , ағымдағы жылда несиеге ақшасы жоқ азаматтарға арендалық пәтерлер салынады. Бұдан бөлек, комитет мемлекеттік мекемелерге баспанаға мұқтаж қызметкерлер үшін пәтердің алғашқы жарнасын салуға рұқсат беру тетігін енгізуді көздейді .