«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 бөлмелі пәтерге сұраныс жоғары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 бөлмелі пәтерге сұраныс жоғары. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2019 жылы банк өз салымшыларын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 59,7 млрд теңгеге несиелендіреді.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жыл сайынғы Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасын оң бағалады. Бағдарлама тұрғын үй құрылысына қуатты серпін берді және мыңдаған қазақстандықтың баспаналы болуына көмектесті. Оның көмегімен жергілікті әкімшіліктерде кезекте тұрған, бюджеттік салада жұмыс істейтін және табысы нарықтан тұрғын үй сатып алуға жетпейтін тұрғындардың жеңілдетілген бағамен пәтер сатып ала алады. Мемлекеттік бағдарлама аясында орташа займ сомасы 7,3 млн теңгеге тең келеді. Бағдарлама қатысушылар арасында екі бөлмелі пәтерге деген сұраныс жоғары», - деді Ләззат Ибрагимова.

Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын тиімді іске асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әкімдіктер салған тұрғын үйлерді «7-20-25» бағдарламасының қатысушылары мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына қатар беру қарастырылды. Сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасының қатысушылары үшін бастапқы жарнаның мөлшері 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетіліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен қарыз алу қолжетімділігі артты», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram